Алдағы жексенбі күні АҚШ-та жеңіл салмақтағы (61,2 кг) Василий Ломаченко (10-1, 8 КО) мен Хорхе Линарес (44-3, 27 КО) әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жек өткізеді. Кеше екі боксшы да жекпе-жек алдында ашық жаттығу өткізіп, айқас алдындағы пікірлерін айтты.
Линарес: «Мені алда тек жеңіс күтіп тұр. Ломаченкомен жекпе-жекте әлем чемпионы атағымды сақтап қалғым келеді. Бұл менің карьерамдағы өте маңызды айқас. Сондықтан өзімнің мықты екенімді дәлелдеуім керек. Мен өз күшіме және жеңіске жететініме сенемін».
Ломаченко: «Есімімді бокс тарихына алтын әріппен жазғым келеді. Жанкүйерлер мені бірнеше ғасыр бойы ұмытпай, еске алып жүру үшін мен әртүрлі салмақтағы чемпиондармен жекпе-жек өткізуім керек. Соның бірі – Линарес. Ол маған қандай қарсылық көрсететінін білмеймін. Бірақ оны Ригондомен салыстырғым келмейді. Линарес бұл салмақтағы үздік боксшының бірі. Сондықтан оны жеңу де оңай емес».
«Шрек» АҚШ-қа кетуі мүмкінФутболдан Англия және «Эвертон» клубының шабуылшысы Уэйн Руни осы маусым соңында АҚШ-тың МЛС лигасына ауысуы мүмкін. Бұл туралы The Washington Post сайты хабарлады.
«Эвертон» клубының шабуылшысы қазірдің өзінде «Ди Си Юнайтед» командасының өкілдерімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Дереккөздің мәліметінше, «Шрек» деген лақап атқа ие 32 жастағы У.Руни америкалық клубқа ауысуға жақын.
Қазір «Ди Си Юнайтед» МЛС лигасының Шығыс конференциясында соңғы орында келеді. Аталмыш клуб Руниге өткен жылы қолқа салған, алайда ол мансабын Англияда жалғастыруды шешкен.
«Ди Си Юнайтед» командасы бұған дейін Чичарито («Вест Хэм»), Карлос Тевес («Бока Хуниорс») және Марио Балотелли («Ницца») секілді футболшыларды да сатып алғысы келетінін хабарлаған-ды.
Футболшыға боксшы лицензиясы берілмедіФутболдан Англия құрамасы мен «Манчестер Юнайтед» командасының экс-ойыншысы Рио Фердинандқа Британияның бокс комитеті (BBBofC) кәсіпқой боксшы лицензиясын беруден бас тартты.
«Кәсіпқой боксшы лицензиясын бермегенін өте ауыр қабылдадым», деді Рио Фердинанд комитеттің шығарған шешіміне наразылық танытыпты. Фердинанд футболдағы мансабын аяқтағаннан кейін, 2 жыл бойы бокспен шұғылданған. Ол бұған дейін шаршы алаңда бір жекпе-жек өткізуді армандайтынын айтқан еді.
«Мен бокстағы ұзақ мансапты қаламаймын. Тек бір ғана жекпе-жек өткізгім келеді. Қалғанын әрі қарай көреміз. Бәлкім, бокс маған ұнап, осы спортты серік етуім мүмкін», деген-ді ол.
Дайындаған Әли БИТӨРЕ, «Егемен Қазақстан»